
5 қазан күні көрнекті археолог, ғалым Виктор Федорович Зайберттің туған күні мен жарқын рухына арналған «В.Ф. Зайберттің тарихи және ғылыми мұрасын зерттеу және сақтау мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми дөңгелек үстел өтті.
Виктор Федорович Зайберт — Ботай мәдениетін ашып, зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан көрнекті археолог. Ғалымның ғылыми мұрасы бүгінде де өзектілігін жоғалтпай, жаңа зерттеулерге негіз болып келеді.
Халықаралық ғылыми кездесуге Қазақстандық және шетелдік белгілі ғалымдар мен зерттеушілер қатысты. Олардың қатарында Ұлыбританияның Эксетер университетінің археология профессоры Алан Оутрам, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Жәкен Таймагамбетов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Байғұнаков, археолог Талғат Мамиров, А.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Меруерт Қиясбек, Kozybayev University-дің еңбек сіңірген профессоры Анатолий Плешаков және Түркиядағы Корининг қорының Ғылым департаментінің басшысы Серхан Чинар қатысты.
Дөңгелек үстел барысында Ботай мәдениетін зерттеу, сақтау және музейлендіру мәселелері, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұрасын одан әрі зерттеу, сақтау және дәріптеу бағытындағы алдағы жоспарлар мен перспективалар талқыланды.
Ғалымдар мен зерттеушілер арасында өзара пікір алмасу өтіп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту, Ботай мәдениетінің бірегей мұрасын кеңінен насихаттау және оны келешек ұрпаққа жеткізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Виктор Федорович Зайберттің ғылыми мұрасы — Ботай мәдениетін зерттеудің маңызды негізі. Ғалымның есімі мен еңбегі археология саласындағы жаңа зерттеулерде жалғасын таба бермек.