foto1
foto1
foto1
foto1
foto1
foto5

ВИКТОР ФЁДОРОВИЧ ЗАЙБЕРТ

Бүгін – көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, археология ғылымдарының профессоры, Герман археологиялық институтының корреспондент мүшесі, қазақ археология ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Виктор Фёдорович Зайберттің туған күні.

В.Ф. Зайберт өзінің саналы ғұмырын Еуразия құрлығының, соның ішінде Қазақстанның ежелгі тарихы мен археологиялық мұрасын зерттеуге арнады. Ол ұзақ жылдар бойы Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясын басқарды.

Ғалым Атбасар және Ботай археологиялық мәдениеттерін зерттеп, олардың тарихи маңызын ғылыми тұрғыдан айқындауға зор үлес қосты. Әсіресе Ботай археологиялық қонысын зерттеу барысында жүргізген көпжылдық еңбегі әлемдік археология ғылымында өзіндік із қалдырды.

Зайберт бастаған халықаралық ғылыми зерттеулер нәтижесінде Ботай мәдениетіне қатысты көптеген құнды археологиялық және палеозоологиялық деректер жинақталды. Ботайдан табылған жылқы сүйектері ежелгі жылқы шаруашылығы мен жылқыны қолға үйрету мәселелерін зерттеуде маңызды ғылыми дереккөзге айналды.

Ғалымның ғылыми жолы 1978–1979 жылдары КСРО Ғылым академиясының Мәскеудегі Археология институтындағы аспирантурадан басталды. Белгілі археолог Отто Николаевич Бадердің жетекшілігімен «Неолит Северного Казахстана» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Ал 1992 жылы «Энеолит Урало-Иртышского междуречья» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. 1996 жылы профессор ғылыми атағына ие болды.

Виктор Фёдоровичтің артында Қазақстанның ежелгі тарихы мен археологиясына арналған мол ғылыми мұра қалды. Оның қатарында «Атбасар мәдениеті» (1992), «Энеолит Урало-Иртышского междуречья» (1993), «Тайны древней степи» (2007), «Ботай мәдениеті» (2009), «Ботай – у истоков степной цивилизации» (2011), «Сакральные контексты Ботайской культуры» (2018), «Ботай» (2020) және басқа да іргелі еңбектері бар.

Бүгінде ғалымның ғылыми мұрасын сақтау, зерттеу, зерделеу және кейінгі ұрпаққа жеткізу жұмыстары «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында жүйелі түрде жалғасуда.

Copyright 2026  Музей-заповедник "Ботай"