
Ботай» қонысын зерттеу және құжаттау жұмыстары жүргізілуде.
Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Тас ғасыры бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мамиров Талғат Базарбайұлы және Геоматика және цифрлық археология бөлімінің меңгерушісі, магистр Асылбеков Қалибек Мұхаметбекұлы «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкерлерімен бірлесе отырып, Ботай қонысының қазіргі жай-күйін анықтау және кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Зерттеу барысында бұған дейін археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген нысандардың, сондай-ақ қайта қалпына келтірілген тұрғын үйлердің қазіргі жағдайына бағалау жүргізіліп, олардың сақталу деңгейі мен ғылыми құжаттамасы зерделенуде.
Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау және Ботай халықаралық археологиялық экспедицияларының, В.Ф. Зайберттің жетекшілігімен жүргізілген зерттеу жұмыстарының архивтік материалдары қарастырылып, бұрынғы археологиялық деректер қазіргі далалық зерттеу нәтижелерімен салыстырылуда.
Жұмыстар аясында археологиядағы далалық верификация әдісі, қонысты қашықтан зерттеу технологиялары, соның ішінде аэрофототүсірілім және спутниктік түсірілім әдістері қолданылуда. Бұл тәсілдер Ботай қонысының аумағын кешенді түрде құжаттауға, археологиялық нысандардың орналасуын нақтылауға және олардың қазіргі сақталу жағдайын бағалауға мүмкіндік береді.
Жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізімінің Алдын ала тізіміне енгізілген Ботай қонысын одан әрі ғылыми тұрғыдан құжаттау, археологиялық мұраның сақталуын қамтамасыз ету және ескерткіштің әлемдік мәдени мұра ретіндегі маңыздылығын арттыру бағытындағы маңызды бастапқы кезеңдердің бірі болып табылады.