
Ботай фото-шежіресі
«Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы әлеуметтік желілердегі «Ботай фото-шежіресі» айдарын жалғастырады.
Бұл айдарда Ботай мәдениетін зерттеген отандық және шетелдік ғалымдардың архивтік және заманауи фотосуреттері, археологиялық қазба жұмыстарының көріністері, бірегей жәдігерлер, табиғат көріністері, далалық семинарлар мен музей қонақтарының суреттері жарияланып келеді.
Бүгін назарларыңызға көрнекті археолог Виктор Федорович Зайберттің 2011 жылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген «Ботай – дала өркениетінің бастауында» атты іргелі ғылыми еңбегінен алынған фотосуреттерді ұсынамыз.
Бірінші фото (1993 жыл). Суретте қазақ және әлем археологиясына зор үлес қосқан көрнекті ғалымдар бейнеленген: Кемал Ақышев, Виктор Зайберт, Виктор Грошев, Карл Байпақов және Марша Левин – Ботай қонысында жұмыс жасаған алғашқы шетелдік археозоолог.
Екінші фото (2007 жыл). Бұл сурет Ботай мәдениетін кешенді зерттеудің жаңа кезеңін көрсетеді. Фотода Эксетер университетінің профессоры Алан Оутрам, Ботай мәдениетін зерттеуші Виктор Федорович Зайберт және Ресей Ғылым академиясының Материалдық мәдениет тарихы институтының археологы Алексей Каспарович Каспаров бейнеленген. Олардың ғылыми зерттеулері Ботай мәдениетінің әлемдік деңгейде танылуына зор үлес қосты.
Қазақстандық және шетелдік ғалымдардың бірлескен еңбегінің нәтижесінде Ботай мәдениеті дүниежүзілік ғылыми қауымдастыққа кеңінен танылып, зерттеу нәтижелері Science және Nature сияқты беделді халықаралық ғылыми журналдарда жарияланды.