
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Жалпы тарих және музей ісі» кафедрасы ұйымдастырған «Әуезов университеті – 2026» Халықаралық қысқы мектебі өз жұмысын бастады.
Қысқы мектептің ашылуы ЮНЕСКО аясындағы «Әлемдік тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және басқару» атты өзекті тақырыпқа арналды. Бұл алаң студенттер, жас зерттеушілер мен сала мамандары үшін тәжірибе алмасуға, пікірталас жүргізуге және мәдени мұраны сақтау бағытындағы білімдерін тереңдетуге үлкен мүмкіндік берді.
Аталған іс-шараға Ботай мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының атынан ғылыми қызметкерлер Макеев Марат пен Тоқтаров Дамир спикер ретінде қатысып, «Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай қонысын сақтау, қорғау және музейлендіру жұмыстары» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндама барысында Ботай қонысының әлемдік тарихи маңызы, оны қорғау және сақтаудың заманауи тәсілдері, сондай-ақ музейлендіру бағытындағы жүргізіліп жатқан жұмыстар кеңінен қамтылды.