
2025 жылдың 23 қазан күні «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Археология саласындағы халықаралық зерттеулер: тәжірибе, нәтижелері мен басым бағыттары» тақырыбында «VI Есік оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Бұл маңызды іс-шара Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясы, Сиань қаласындағы Шэньси археологиялық институтымен бірлесіп ұйымдастырылды. Конференция Алтын адамның табылғанына 55 жыл,
«Есік» музей-қорығының құрылғанына 15 жыл, және белгілі археолог-ғалым Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың 90 жылдығына арналды.
Конференция аясында:
«Рахат» археологиялық кешені» атты монографияның тұсаукесері және Қытай тілінде әзірленген «Есік» музей-қорығының жолнұсқаулығының таныстырылымы өтті.
Іс-шараға «Ботай» музей-қорығының директоры Амиирова С.К., қор сақтаушы Альмаганбетова М.С. және ескерткіштерді қорғау жөніндегі бас инспектор Искрижицкий В.А. қатысты.
Конференция барысында «Ботай» музей-қорығының кіші ғылыми қызметкер Токтаров Д.В. «Ботай мәдениеті ескерткіштерінде жүргізілген халықаралық экспедиция зерттеулерінің кейбір нәтижелері» атты баяндама жасап, Ботай мәдениетінің археологиялық маңыздылығы мен зерттеу нәтижелері туралы қызықты деректермен бөлісті.
Мұндай халықаралық деңгейдегі бас қосулар археологтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, Қазақстан археологиясының ғылыми беделін арттыруға зор үлес қосады.