
2025 жылғы Қыркүйек айының 18-27 күндері Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «XII Болгар халықаралық археологиялық мектебі» жұмысы ұйымдастырылды.
Бұл шараны Орта Азия зерттеулер Халықаралық институты, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, Татарстан Республикасының Ғылым академиясы және А.Х. Халиков атындағы Археология институты бірлесе ұйымдастырған.
Археологиялық мектеп жұмысына Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қытай елдерінен 36 үміткер қатысты. Мектептің негізгі мақсаттары:
археологиялық нысандарды зерттеу және құжаттандыру;
ежелгі еңбек құралдары мен материалдарын зерттеуде эксперименттік-трассологиялық әдістерді қолдану;
қатысушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын жетілдіру.
Мектеп барысында «ЮНЕСКО-ның археологиялық нысандарын құжаттандыру» және «Ежелгі еңбек құралдарын зерттеуде эксперименттік-трассологиялық әдістердің негізгі принциптері» атты секцияларда белсенді жұмыс жүргізілді. Әр секцияда қатысушылар теориялық білімдерін тәжірибелік зерттеулермен толықтырды.
27 қыркүйек күні мектеп жұмысының қорытындысы ретінде «Археологиялық зерттеудегі пән аралық байланыстар жетістігі және қиындықтары» атты конференция өтті. Конференцияға «Ботай» музей-қорығының директоры Сабина Каримовна Амирова және ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Қанат Қоныспайұлы Қожахметов қатысты. Сабина Каримовна қортынды конференция жұмысы барысында «Ботай мәдениетінің эксперименталды баспаналары» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама барысында ол Ботай мәдениетінің тұрмыс-салты, тұрғын үйлердің құрылыс ерекшеліктері мен олардың археологиялық деректермен сәйкестігін кеңінен баяндап берді.
Қатысушылар мектеп барысында алған тәжірибесін әрі қарайғы ғылыми-зерттеу жұмыстарында қолдануға ниетті екенін атап өтті. Шараның нәтижелері болашақ археологиялық жобалар мен халықаралық ынтымақтастық үшін маңызды қадам болып саналады