
«Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы Қазақстанның тарихы мен археологиялық мұрасына арналған жетекші отандық ғалымдар мен археологтармен бейнесұхбаттар топтамасы — «Сарапшы көзқарасы» айдарын жалғастырады.
Жаңа шығарылымның қонағы — Мамиров Талғат Базарбайұлы, тарих ғылымдарының кандидаты, А.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, археолог.
Сұхбат барысында Ботай мәдениетінің әлемдік өркениет пен Қазақстан археологиясындағы маңызы, Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеушілерінің Ботайды зерттеуге қосқан үлесі, сондай-ақ қоныстан табылған бірегей құралдар туралы сөз қозғадық.
Сонымен қатар Ботай мәдениетін қазіргі кезеңде зерттеудің негізгі бағыттары мен келешегі, археологтардың алдында тұрған маңызды міндеттер талқыланды.
Талғат Базарбайұлы ежелгі Қазақстан тарихы мен Ботай мәдениетін зерттеуге қызығушылық танытқан жас ғалымдарға өз кеңестерімен де бөлісті.
Ботай — жай ғана археологиялық ескерткіш емес. Бұл — зерттеушілердің еңбегі арқылы өзінің жаңа қырларын ашып келе жатқан ұлы тарихымыздың бір бөлігі.