
Бүгін Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қабырғасында Алғыс айту күніне арналған «Ботай: Ұлы дала мәдениеті» атты көшпелі көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Көрменің ашылу рәсімінде облыстық мәдениет басқармасының қызметкерлері және Ә. Марғұлан атындағы Археология институты Батыс Қазақстан филиалының директоры құттықтау сөз сөйлеп, Ботай мәдениетінің тарихи маңызына ерекше тоқталды.
Көрмеде энеолит дәуіріне жататын, Ботай қонысы аумағынан табылған бірегей артефактілер ұсынылды. Олардың қатарында трепанация іздері сақталған бас сүйек, ботайлық әйелдің киім үлгісі, қыш ыдыс сынықтары мен қалпына келтірілген қыш құмыра, тас дискілер, балталар және басқа да құнды жәдігерлер бар.
Көрменің басты мақсаты – Ботай мәдениетін кеңінен насихаттау, Ұлы дала өркениетінің терең тамырын көрсету және ұлттық тарихи мұраға деген құрметті арттыру. Бұл көрме – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір, халқымыздың бай мәдени мұрасын танытатын маңызды қадам.