Ботай мәдениеті қазақ даласында жылқыны қолға үйретудің ең алғашқы археологиялық дәлелі. Ежелгі дәуірде жылқы түлігінің қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгені бұл малдың ерекше қастерленіп, өмір сүру жоралғысының ажырамас бір бөлігіне айналғанын көрсетеді. Тіпті қазақ халқы әлі күнге дейін жылқының сүтін қымыз ретінде пайдаланып отырғаны – қазақ даласында сонау ежелгі дәуірден бері үзілмей жалғасып келе жатқан дәстүрдің айғағы.
Осы орайда, айтпағымыз жылқы адамзат өркениетіндегі, әсіресе дала өркениетіндегі дамудың елеулі көрсеткіштерінің бірі екені анық. Жылқыны қолға үйрету көшпелі шаруашылық пен дала өркениетінің негізін қалады. Қолға үйретілген жылқының тұрмыста маңызы зор. Ол – ет және қымыз өндіру, салт міну, арба-шанаға жегу, жауынгерлік және сайыс өнеріне бағытталып өсірілген. Осы орайда «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» Ботай қонысында «Ашамайға мінгізу» салтын өткізді.
Қазақтың бала өсіру және тәрбиелеуге қатысты ертеден келе жатқан дәстүрлерінің бірі - "ашамайға мінгізу". Бұл ғұрып қазақ арасында балалардың жас-жыныстық жағынан жіктелуін айғақтайтын тіршілік цикліне қатысты салттарының бірі. Қыз балаға тұлым қою, құлақ тесу рәсімдері өткізілсе, ер балаларды сүндетке отырғызып, айдар қойып, алғаш рет атқа мінгізу рәсімін өткізген. Мұны "ашамайға мінгізу" не "ашамай тойы", енді бір аумақтарда "ат мінгізу тойы"деп те атаған.
Баланың ашамайға мінгізілуі оның өмірінде тіршіліктің жаңа кезеңі басталғандығын білдіреді. Баланың рәсіміне ауыл адамдары жиналып, бала мінген аттың жал-құйрығына, баланың шапанына не баскиіміне шоқтап үкі тағып, "жын-шайтаннан қағады" дегенді білдіреді. Осындай рәсімнен кейін көп ұзамай ашамайды тастап, ер-тоқымға мінеді. Баланы ашамайға мінгізу баланың атқа отыра білу, қолқанат болу, баланың мықты, табанды болып өсуін қамтамасыз ететін дәстүрлеріміздің бірі.